ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАС ҰСТАЗДАРЫ БУРАБАЙДА
Ақмола облысының әсем табиғатымен танымал Бурабай өңірінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бастамасымен ұйымдастырылған Жас ұстаздардың І халықаралық жазғы лагеріне Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, облыстық Жастар кеңесінің төрағасы Ақбота Маханбет және Түркістан облысының атынан қатысып отырған жас педагогтар – Кентау қаласындағы М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының даярлық сынып мұғалімі Насиба Дүйметова, Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Дүйсенбай, сондай-ақ Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақжан Маратұлы Махашов қатысуда.
Бес мемлекеттен келген жас ұстаздардың басын қосқан тағылымды шараның басты мақсаты – жас педагогтардың кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсету, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және білім саласындағы болашақ көшбасшыларды қалыптастыру. Лагерьдің алғашқы күнінде қатысушылар танысу алаңдарында бас қосып, өзара байланыс орнатса, салтанатты ашылу рәсімінде елдер мен өңірлердің мәдени таныстырылымдары ұйымдастырылды.
Жас ұстаздардың халықаралық жазғы лагері – білім мен тәжірибені, жаңашылдық пен достықты тоғыстырған бірегей жоба. Түркістан облыстық ұйымы атынан лагерьге қатысушы жас ұстаздарымызға сәттілік тілеп, олардың өңіріміздің мерейін үстем етіп, білім саласының дамуына өз үлестерін қоса беретініне сенім білдіреміз.