АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ АЛАҢЫНДА
Бурабайдың көркем табиғат аясында «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жас ұстаздардың халықаралық жазғы лагері өтуде.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылған шараға еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан және Әзербайжаннан келген жас педагогтар қатысуда.
Лагерь жұмысына Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова, облыстық ұйымның жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы мен мүшелері қатысып, түрлі тренингтер мен тәжірибе алмасу алаңдарында белсенділік танытуда.
Бағдарлама аясында көшбасшылық, құқықтық сауаттылық, командалық жұмыс және стресске төзімділік бағытында тренингтер өткізіліп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Union Cup» ұлттық ойындары ұйымдастырылады. Сондай-ақ қатысушылар Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсия жасап, өңірдің табиғи-тарихи мұрасымен танысады.
Бес күнге жоспарланған халықаралық лагерь жас педагогтар үшін білім мен тәжірибе алмасудың, кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін дамытудың маңызды алаңына айналмақ.