КӘСІПОДАҚ ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Педагогтардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру – кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Түркістан облыстық ұйымға қарасты 34 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері жазғы демалыстарын еліміздің ең көрікті өңірлерінің бірі – Бурабайда өткізуде.
Бурабай – табиғаттың ғажайып сыйы, сұлу көлдері мен асқақ таулары үйлесім тапқан ерекше мекен. Таза ауасы, қылқан жапырақты ормандары мен жанға жайлы табиғаты адам денсаулығын нығайтып, рухани серпіліс сыйлайды. Көкшетаудың көркем табиғатын тамашалаған ұстаздар күнделікті қарбалас тіршіліктен тынығып, көтеріңкі көңіл-күй мен жаңа әсерлерге бөленуде. Бұл демалыс олардың күш-қуатын қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа оқу жылына тың серпінмен оралуына мүмкіндік береді.
Кәсіподақ ұйымы сала қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын күшейтуге, олардың еңбек жағдайын жақсартумен қатар, сапалы демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөліп келеді. Ұстаздардың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған мұндай шаралар кәсіподақтың адам капиталына деген қамқорлығының нақты көрінісі. Түркістан облыстық ұйымы алдағы уақытта да кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, сауықтыру және демалыс бағдарламаларын жүйелі түрде жалғастырып, ұстаздар қауымының игілігі жолындағы жұмыстарын одан әрі жандандыра бермек.
-
Фото
-