ТӘЖІРИБЕЛІ ТӘЛІМГЕР
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылының «М. Ломоносов атындағы орта мектебі» КММ-нің көркем еңбек пәні мұғалімі, белсенді кәсіподақ мүшесі Гаухар Қалиева– білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар, кәсіби біліктілігі жоғары «педагог-зерттеуші».
Гаухар Қалиева 1971 жылы 9 маусымда Самар ауданы, Бастаушы ауылында дүниеге келген. Өзінің білімін үнемі жетілдіріп отыратын ізденімпаз ұстаз 1989 жылы Өскемен кооперативтік техникумын, 2004 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін, ал 2013 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған.
Кәсіподақ мүшесі ретінде білім беру ұйымының қоғамдық өміріне белсенді қатысып, ұжымдағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Әріптестерінің әлеуметтік және кәсіби мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарға тұрақты атсалысып, түрлі мәдени-көпшілік, қайырымдылық және патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге бастамашы болады. Ұжым мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыруға және кәсіподақ жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған іс-шараларға белсенді қатысады.
Заманауи ұстаз өз сабақтарында дәстүрлі ұлттық қолөнерді әр түрлі технологияларымен, сондай-ақ жүннен ою салу өнерін нейрографикамен ұштастыра отырып, инновациялық әдістерді сәтті қолданып келеді. Оның іс-тәжірибесі республикалық «Педагогикалық ой», «Педагогика жаршысы», облыстық «Дидар» және аудандық «Ұлан таңы» газеттерінде, аудан әкімінің ресми сайтында жарияланған.
Ерекше жетістігі: 2026 жылы «Аламан құрақ» жобасы аясында «Барқытбел» құрақ көрпесі мен «Тұлпар» жастығын құрап, «Global BEST of RECORDS» халықаралық Гиннес рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат пен медаль еншіледі.
Қазіргі заманға сай ұстаз өз шәкірттерінің білімдерін жетілдіруде жаңашыл әдістерді қолданып келеді. Әртүрлі біліктілік арттыру курстары, сайыстар мен семинар-тренингтерге жиі қатыса отырып, өз тәжірибесімен республика, облыс және аудан мұғалімдерімен әрдайым бөлісіп отырады.
Шәкірттермен жүйелі әрі сараптамалық түрде жұмыс жасау нәтижесінде мектеп оқушылары көптеген халықаралық, республикалық, облыстық жетістіктерге жетті. Оқушылары облыстық өнер мұражайы ұйымдастырған «Музейдегі түн» акцияларында киіз басу, қуыршақ тоқу және кілем тоқудан өздері дербес шеберлік сыныптарын өткізген.
Сондай-ақ, ұстаз бен оқушы облыстық телеарнаның тікелей эфиріндегі бағдарламаға қонақ ретінде шақырылып, кілем тоқу мен мата қалдықтарынан эксклюзивті бұйымдар жасаудың қыр-сырымен бөліскен.
Гаухар Қалиева— аудан көлеміндегі көркем еңбек пәні мұғалімдерінің сенімді тәлімгері, адами қасиеті жоғары, өз кәсібін шексіз сүйетін нағыз майталман маман.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы