ЗАМАНАУИ КӨШБАСШЫ
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты Герасимовка ауылындағы «Герасимовка орта мектебі» КММ директоры Маушанов Дархан Бақытханұлы білім беру саласында 30 жылдан астам уақыт бойы талмай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог, жоғары санатты басшы.
Алтын ұя мектепті 2012 жылдың қазан айынан бастап абыроймен басқарып келе жатқан ол, ең алдымен, оқу ордасында бірлігі бекем, шығармашыл және жоғары кәсіби педагогикалық ұжым қалыптастыра білді. Дархан Бақытханұлы өз жұмысында командалық басқару стилі мен заманауи педагогикалық менеджмент қағидаларын тиімді қолданады.
Басшының басты ұстанымы – теориялық білім мен практиканы ұштастыра отырып, оқушылардың қауіпсіздігін, денсаулығын қамтамасыз ету және мемлекеттік білім беру стандартының сапалы орындалуын қадағалау.
Дархан Бақытханұлының жас ұрпақты тәрбиелеудегі парасатты еңбегі мен аймақтың білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі жоғары деңгейде бағаланып, бірнеше мәрте мәртебелі марапаттарға ие болды. Оның ішінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ШҚО Әкімінің, облыстық білім басқармасы мен Ұлан аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары бар. Сонымен қатар, ол «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының, «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің,Салалық кәсіподақтың және облыстық кәсіподақ ұйымының арнайы марапаттарымен марапатталған.
Мектепте салауатты өмір салтын насихаттау – директордың басты назарында. Оның қолдауымен мектепте тұрақты түрде спартакиадалар, Денсаулық күндері мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Дархан Бакытканович тек ұйымдастырушы ғана емес, өзі де спортқа белсенді. Өскемен қаласы білім бөлімінің волейбол турнирінде 3-орын иеленіп, облыстық және аудандық жарыстарда мектеп намысын абыроймен қорғап келеді.
Ұжымдағы жағымды моральдық-психологиялық климатты сақтау мақсатында табиғат аясындағы демалыстар, экологиялық акциялар және отбасылық фестивальдар тұрақты өткізіліп тұрады.
Басшының біліктілігі мен мұғалімдердің қажырлы еңбегінің арқасында мектеп табысты көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, 2025-2026 оқу жылында мектепті бір оқушы «Алтын Белгімен», 5 оқушы үздік белгімен аяқтаса, ҰБТ қорытындысы бойынша түлектер 102-115 аралығында жоғары балл жинады.
Сонымен қатар, ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен «Біздің ауыл трендте» атты аудандық көркемөнерпаздар байқауында ерлер вокалдық тобын ұйымдастырып, жүлделі орынға ие болды.
Дархан Бақытханұлы – өз ісіне жауапты, ұжым мен ата-аналар арасында зор беделге ие, заманауи көшбасшы және үлкен әріппен жазылатын шынайы педагог.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы