ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ауыл мектебінде еңбек етіп жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген жастардың бірі – Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Жастар кеңесінің төрағасы Байтөре Арайлым Нұрланқызы. Ол 2003 жылдың 21 қаңтарында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық өмірге белсенді қатысып, қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше қызығушылық танытты. Осы қызығушылығы оны М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне жетелеп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алуына негіз болды.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы еңбек жолын бастап, бүгінде Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. Жас ұстаз оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуда.
Кәсіби және қоғамдық қызметтегі белсенділігі оның жетістіктерінен де көрініс табады. Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының Алғыс хатына, Хромтау ауданының 90 жылдығына арналған жастар форумының Алғыс хаты мен сертификатына, Қарғалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» республикалық байқауының аудандық кезеңінде І дәрежелі диплом, облыстық кезеңінде «Кәсіби шебер педагог» номинациясын жеңіп алды. Облыстық педагогикалық олимпиадада ІІ дәрежелі диплом иеленіп, республикалық волонтерлік акцияға қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды.
Байтөре Арайлым Нұрланқызы – білім беру мен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары жас маман. Оның еңбегі мен белсенділігі жас ұрпақ тәрбиесіне және қоғам дамуына қосылған нақты үлес болып табылады.