ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ ҚАТЫСАДЫ
22-26 маусымда Ақмола облысы, Щучинск қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Халықаралық жас педагогтар жазғы лагері өтеді.
Ауқымды халықаралық алаң жас педагогтардың кәсіби және тұлғалық дамуына қолдау көрсетуге, тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және кәсіподақ қозғалысындағы жастардың рөлін арттыруға бағытталған.
Жамбыл облысының атынан лагерьге білім беру саласында жоғары жетістіктерімен, қоғамдық белсенділігімен және кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен ерекшеленген үздік жас педагогтар мен кәсіподақ көшбасшылары қатысады.
Жұмағұлова Диана Бекетқызы - жас кәсіподақ көшбасшысы, қоғамдық жұмыстардың белсенді ұйымдастырушысы.
Қазіргі таңда «Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінде Төраға көмекшісі және ұйымдастыру-кадр бөлімінің маманы қызметін атқарады. Сонымен қатар, 2025 жылдан бері облыстық «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы. Саладағы 6 жылдық еңбек тәжірибесі барысында жастар саясатын дамытуға, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асыруға, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралардың ұйымдастырушысы болды. Көшбасшылық қабілеті мен бастамашылдығы арқылы өңірдегі белсенді жас кәсіподақ жетекшілерінің біріне айналды.
Жанатова Алуа Айдарқызы - белсенділігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін жас кәсіподақ маманы. 2025 жылдан бері Білім қызметкерлері кәсіподағының Тараз қалалық комитетінде ұйымдастырушы-маман болып қызмет атқарады. Қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға, жастармен жұмысты дамытуға және кәсіподақ қызметін жетілдіруге белсене атсалысып келеді. Мәдени-көпшілік, спорттық, білім беру және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралардың ұйымдастырылуына тұрақты қатысып, өзінің жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және жаңашыл көзқарасымен әріптестерінің құрметіне ие болды.
Әуелбеков Сұлтан Мейірбекұлы - шығармашылық ізденісі жоғары, өнер саласындағы жас педагог. Т.Рысқұлов ауданындағы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде вокал сыныбының оқытушысы болып еңбек етеді. Шәкірттерінің өнерге деген қызығушылығын арттырып, музыкалық талғамын қалыптастыруға және сахна мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға тұрақты қатысып, мәдени және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Іскерлігімен, белсенділігімен және азаматтық ұстанымымен әріптестері арасында құрметке ие.
Саурамбаев Бектас Бейсеналыұлы - шығармашыл әрі бастамашыл жас педагог. Қазіргі таңда Меркі ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдаланып келеді.
Кәсіподақ мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, мәдени-көпшілік, спорттық және әлеуметтік іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысады. Ұжымдағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген белсенді жас ұстаздардың бірі.
Жамбыл облысының делегациясы халықаралық лагерь барысында шетелдік және қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, жаңа білім мен тың идеяларды меңгеріп, өңіріміздің абыройын халықаралық деңгейде таныстырады деп сенеміз.
Делегаттарымызға сәттілік тілейміз!