БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САЯХАТЫ
Ақтөбе облысы Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен білім саласының қызметкерлері қасиетті Маңғыстау өңіріне тарихи-танымдық саяхат жасап қайтты. Таным мен тағылымға толы бұл сапар қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлап, туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасына деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Сапар барысында ұстаздар қауымы ғасырлар қойнауынан сыр шертетін киелі орындарды аралап, тарихи-мәдени ескерткіштермен жақынырақ танысты. Қазақ даласының шежіресін сақтаған қасиетті мекендер әрбір қатысушының жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, Маңғыстаудың қайталанбас табиғаты, көз тартар көркем келбеті мен ерекше атмосферасы саяхатшыларға рухани серпіліс пен мол күш-қуат сыйлады.
Әсіресе, табиғаттың ғажайып туындысы саналатын Бозжыра шатқалының айбынды келбеті саяхатшыларды ерекше тәнті етті. Ақ борлы шыңдары мен көз жетпес кеңістігі үйлескен бұл мекен қатысушыларға өшпес әсер қалдырды. Табиғат пен тарих үндескен өңірдің сұлулығын тамашалаған білім қызметкерлері көптеген тың мәліметтер алып, жарқын әсерлерге бөленді. Әсем табиғат аясында өткен мазмұнды күндер әріптестер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт берді.
Бұл тағылымды сапар қатысушылардың жадында жарқын естелік ретінде сақталып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып, рухани байыта түсті.
Саяхат соңында қатысушылар өздеріне көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымына шынайы ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, осындай тәрбиелік мәні зор, тарихи-танымдық бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестіктерін жеткізді.
-
Фото
-