ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Білім беру ұйымындағы қоғамдық жұмыстар мен шығармашылық бастамалардың бел ортасында жүретін жастар аз емес. Солардың бірі – Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің төрағасы Жоламанова Мөлдір Досымбекқызы.
Жоламанова Мөлдір Досымбекқызы 1992 жылдың 4 тамызында Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1999–2010 жылдары І.Үргенішбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте білім алды. 2010–2013 жылдары С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті колледжінде оқып, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын меңгерді.
Еңбек жолында жинаған тәжірибесі мен кәсіби ізденісінің арқасында бүгінде Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияда ұйымдастырушы педагог, хореограф және мобилограф қызметтерін атқарып келеді. Ол білім беру ұйымындағы мәдени-көпшілік шаралардың мазмұнды өтуіне үлес қосып қана қоймай, видео түсіріп, монтаждаудың қас шебері ретінде де танылып, іс-шаралардың медиаконтентін сапалы деңгейде дайындауымен ерекшеленеді.
Мөлдір Жоламанованың қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту. Әсіресе, би өнері арқылы олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сахна мәдениетін меңгеруіне және өз мүмкіндіктерін еркін көрсетуіне жағдай жасап келеді. Оның жетекшілігімен өнер жолында шыңдалған оқушылар түрлі деңгейдегі байқауларда табысты өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде.
Жас маманның еңбегі мен кәсіби біліктілігі бірнеше мәрте марапатталды. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық би байқауында «Үздік шәкірт» номинациясы бойынша Алғыс хатқа ие болды. Сол байқауда дайындаған тәрбиеленушілері Бас жүлдені жеңіп алды. 2025 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған республикалық би байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Шалқар аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасына ие болып, білім беру саласындағы еңбегі жоғары бағаланды.
Кәсіби дамуды үздіксіз жалғастыруды басты қағидаларының бірі санайтын Мөлдір Жоламанова жуырда өткен «AI ORTA – жас педагогтердің кәсіби дамуы» жазғы алаңына қатысып, білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану бағытындағы белсенділігі мен шығармашылық ізденісі үшін Алғыс хат және сертификатпен марапатталды.
Отбасында аяулы жар, бір қыз бен бір ұлдың анасы атанған Мөлдір Жоламанова еңбек пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жан.
Жоламанова Мөлдір Досымбекқызы – шығармашылық пен жауапкершілікті қатар ұштастырған, үнемі ізденіс үстінде жүретін жас маман. Оның ізденісі мен еңбегі жас ұрпақ тәрбиесі мен білім саласының өркендеуіне тың тыныс беріп келеді.