ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қоғамның дамуы мен елдің ертеңі – білімді де білікті жастардың қолында. Ал сол жастарды тәрбиелеп, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың орны ерекше. Бүгінгі таңда білім беру саласында өз ісіне адалдықпен қарап, жаңашылдық пен ізденісті серік еткен жас педагогтардың қатары артып келеді. Солардың бірі – информатика пәнінің мұғалімі Сатжанова Изаура Жеңісқызы.
Еңбек жолын 2011 жылы Ақеспе елді мекеніндегі №237 негізгі мектептен бастаған жас маман содан бері білім беру саласында табысты қызмет атқарып келеді. Ұстаз үшін шәкірттің білім алуы ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуы да маңызды. Сондықтан ол әр оқушының қабілетін ашуға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Заманауи білім беру үдерісінің талаптарына сай жұмыс істейтін педагог жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, инновациялық әдіс-тәсілдерді сабақ барысында ұтымды қолданады. Нәтижесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, білім сапасының жоғарылауына оң ықпал етуде.
Ұстаздың ерекше жетістіктерінің бірі – облыстық «Әбділдә мұрасы және цифрлық әлем» байқауындағы жеңісі. Ақын мұрасын цифрлық форматта насихаттауға бағытталған шығармашылық жобасы жоғары бағаланып, оның ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялармен ұштастыра білетін жаңашыл педагог екенін көрсетті.
Сонымен қатар ол облыстық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына қатысып, тәжірибе алмасу алаңында өз іс-тәжірибесін таныстырды. «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» IV облыстық форумында білім саласының өзекті мәселелерін талқылауға белсенді қатысып, кәсіби көзқарасын қалыптастыруға үлес қосты.
Бүгінде Изаура Сатжанова – білім мен біліктілікті, ізденіс пен жаңашылдықты қатар алып жүрген жас ұстаздардың жарқын өкілі. Оның басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, отансүйгіштік және жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді сіңіру.
Жас ұстаздың жетістігі – ел болашағына қосылған қомақты үлес. Осындай талапты да талантты педагогтардың еңбегі қоғамның дамуына серпін беріп, өскелең ұрпаққа өнеге болып қала береді.
Қызылорда облыстық ұйымы