ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Жас маманның табысы – оның білімі мен еңбегінің жемісі. Өз ісіне адалдық танытып, кәсіби шеберлігі мен қоғамдық белсенділігін қатар дамытып жүрген жастардың бірі – Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанындағы Жастар кеңесі төрағасының орынбасары Сырлыбаева Перизат Алматқызы.
Перизат Сырлыбаева 1996 жылы Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға, ғылыми жобаларға және спорттық жарыстарға белсенді қатысып, жан-жақты қырынан танылды.
2017 жылы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін «Педагогика және психология» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясында педагог-психолог қызметінен бастады.
Ұстаздық қызметінде оқушылармен, ата-аналармен және педагогтармен нәтижелі жұмыс жүргізіп, түрлі психологиялық жобалар мен тренингтерді жүзеге асырды. Кейін Ақтау қаласындағы «Болашақ» колледжінде, Ақтөбе автожол колледжінде қызмет атқарып, кәсіби тәжірибесін толықтырды. Қазіргі таңда Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде педагог-психолог әрі топ жетекшісі ретінде еңбек етуде.
Перизат Сырлыбаева кәсіби қызметінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Облыстық педагог-психологтар олимпиадасының жеңімпазы атанып, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Жетекшілік жасаған оқушылары да республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетті.
Ол ғылыми-әдістемелік жұмыстармен де белсенді айналысады. «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы», «Психологиялық тренингтер жинағы», «Арт-терапия: дамыту және түзету құралы» атты әдістемелік еңбектердің авторы. Инклюзивті білім беру мен психологиялық қолдау бағытында тәжірибесін облыстық және республикалық деңгейде бөлісіп келеді.
Білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін түрлі ұйымдардың алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды. 2021 жылы «Педагог-модератор» біліктілік санатын алды. Сонымен қатар республикалық жас ұстаздар лагерлерінде, кәсіби даму алаңдарында белсенділігімен ерекшеленіп келеді.
2026 жылы «BATYSSKILLS MANGYSTAU 2026» өңіраралық чемпионатында студенттерімен бірге «Тәлімгерлік іс» құзыреттілігі бойынша І орын иеленді. Бұл – оның тәлімгерлік қызметінің нақты нәтижесі мен кәсіби шеберлігінің көрінісі.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар бастамаларын қолдауға үлес қосып жүрген Перизат Сырлыбаева бүгінде білім беру саласындағы білікті маман, жастардың көшбасшысы әрі жас ұрпаққа үлгі болар тұлға ретінде танылып келеді.
Еңбек пен ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған Перизат Алматқызы бүгінде білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Ұстаздыққа деген сүйіспеншілігі мен жастарға деген жанашырлығы оның әр ісінен көрініс табады. «Жас келсе – іске» деген нақылдың мәнін еңбегімен дәлелдеп жүрген жас маманның алдағы уақытта да биік белестерді бағындырарына сеніміміз мол.