ЖАС ҰСТАЗ – ЖАҢА ДӘУІР КЕЛБЕТІ
Қазіргі таңда білім беру саласында жаңашыл, ізденімпаз әрі шығармашыл жас мамандардың шоғыры қалыптасып келеді. Осындай ерекше қолтаңбасымен, білімге деген құштарлығымен танылып үлгерген жас педагогтердің бірі – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Ш.Уәлиханов атындағы №127 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі - Нұғман Дәулет Қыпшақбайұлы.
2020 жылдан бастап ұстаздық қызметке білек сыбана кіріскен Дәулет Қыпшақбайұлы бүгінде шәкірттерінің жүрегінен жол тауып жүрген шебер маман. Ол өз жұмысында заманауи білім беру технологияларын шебер қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және логикалық ойлау өрісін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі.
Нәтиже де көп күттірген жоқ. Жас та болса бас болып, кәсіби байқауларда бағы жанған Дәулет Қыпшақбайұлы – аудандық жас педагогтар арасындағы дебат ойындарының жүлдегері және «Үздік спикер» номинациясының иегері. Ол 2024 жылы жас математиктер арасында өткізілген «Жас маман - 2024» конкурсында бас жүлдені қанжығасына байласа, 2025-2026 оқу жылында «Ой сандық» оқу және математикалық сауаттылықтан мұғалімдердің зияткерлік байқауының аудандық кезеңінде жүлдегер атанып, облыстық кезеңде бақ сынады. Сонымен қатар, Астана қаласында ұйымдастырылған дәстүрлі «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумында өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, республика деңгейінде танылып қайтты.
Ұстаздың еңбегі — шәкіртімен өлшенеді. Бүгінде оның алдын көрген оқушылары аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектеп мерейін үстем етіп жүр. Тек білім берумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқаны үшін жас ұстаз аудан әкімінің және «Аманат» партиясының алғыс хаттарымен марапатталған.
Дәулет Қыпшақбайұлы үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдыққа құштар нағыз ХХІ ғасырдың мұғалімі. Осындай жалынды да білікті жастар барда еліміздің білім беру саласының болашағы жарқын екені сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы