ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖҰМЫС КЕҢЕСІ ӨТТІ
9 маусым күні Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен Zoom платформасында жұмыс кеңесі өтті. Кеңес отырысын жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жүргізді.
Жиын барысында 2025-2026 оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беру, демалыс ақысын және сауықтыру жәрдемақысын уақытылы төлеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Кеңес барысында өңірлердегі білім беру ұйымдарында педагогтер мен өзге де қызметкерлерге еңбек демалысын беру жұмыстарының барысы сараланып, демалыс төлемдерін жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, демалыс ақылары мен сауықтыру жәрдемақыларын төлеуге бөлінген бюджет қаражатының жеткіліктілігі, төлемдердің уақытылы жүргізілуі және еңбек құқықтарының сақталуы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жұмыс кеңесінде оқу жылының аяқталуына байланысты қоса атқаратын қызметкерлермен еңбек қатынастарын тоқтату мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Қатысушылар еңбек шарттарын тоқтату кезінде қызметкерлердің заңды құқықтарының сақталуы, тиесілі төлемдердің толық әрі уақытылы төленуі және еңбек заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, еңбек қатынастарын тоқтатуға байланысты туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Жиын барысында кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналатын кәсіподақ мүшелерін сауықтыру шараларын ұйымдастыру мәселесі мен салалық «Еңбекші» газетіне жазылым барысы да пысықталды. Жазғы кезеңде кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтуға бағытталған сауықтыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, жолдамалар бөлу және сауықтыру бағдарламаларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кеңес соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, білім беру қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
-
Фото
-