Алғашқы қадам: Шөміш ауылының жас ұстазы
Білім беру саласында жас та болса өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби дамуға ұмтылатын жаңа буын педагогтердің қатары артып келеді. Солардың бірі, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас маман – физика пәнінің мұғалімі Айгерім Ақылбекқызы Ерсайнова.
Айгерім Ақылбекқызы 2004 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Шөміш елді мекенінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан бастап-ақ білімге деген құштарлығымен, алғырлығымен ерекшеленген ол өзі оқыған №263 орта мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанды.
Ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдаған ару 2021 жылы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетке мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті. Төрт жыл бойы жоғары білім ордасында ізденіп, 2025 жылы «Физика пәні мұғалімі» білім беру бағдарламасы бойынша оқуын сәтті тәмамдады.
Диплом алған жас маман қалалы жерде қалмай, туған жерге ту тігуді жөн санады. Ол өзінің педагогикалық еңбек жолын 2025 жылдың қыркүйек айында өзі түлеп ұшқан алтын ұясы – №263 орта мектепте бастады. Қазіргі таңда жас ұстаз университет қабырғасында алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, ауыл балаларының білім сапасын арттыруға және олардың тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Айгерім Ақылбекқызы ұжым арасында еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен және жаңашылдыққа құштарлығымен дараланады. Ол әр сабағын заманауи әдіс-тәсілдермен түрлендіріп, оқушылардың физика ғылымына деген қызығушылығын оятуға, білім алушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға талпынады.
«Шәкірт бойындағы жасырын қабілетті ашып, олардың білімді, тәрбиелі және қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпал ету» – бұл жас ұстаздың басты өмірлік және кәсіби ұстанымы. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі мен үздіксіз ізденісі Айгерім Ақылбекқызының болашақта еліміздің білім беру саласында білікті де майталман педагог ретінде қалыптасуына берік негіз қалары сөзсіз. Жас маманның алғашқы қадамына сәттілік тілейміз!
Қызылорда облыстық ұйымы