ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ
Текелі қаласында білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріне арналған мектеп директорларымен маңызды кездесу өтті. Жиынды «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Текелі қалалық филиалы мен қалалық білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Текелі қалалық білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы өзара түсіністікке, сенімге және жауапкершілікке негізделген маңызды құжат туралы айтып, кәсіподақ ұйымдары мен жұмыс берушілердің бірлескен жұмысы білім беру сапасын арттыруға да тікелей ықпал ететінін жеткізді.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері мектеп директорларына ұжымдық шартта қарастырылған міндеттемелердің орындалуы туралы кеңінен түсіндірді. Ұжымдық шарт – қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік және кәсіби құқықтарын қорғаудың негізгі құжаты екендігі атап өтілді. Құжатта еңбек жағдайлары, жұмыс уақыты мен демалыс мерзімі, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек қауіпсіздігі және басқа да маңызды мәселелер қамтылған.
Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан сөз сөйлеп, ұжымдық шарттың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Ол еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер туралы ақпарат беріп, олардың білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің құқықтары мен міндеттеріне әсерін түсіндірді.
Кездесу аясында жаз мезгілінде жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары кезіндегі еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметі, олардың өндірістік жарақаттардың алдын алу және қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылаудағы жауапкершілігі сөз болды.
Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау тек заң талабы ғана емес, әрбір қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті. Әсіресе жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуы, қорғаныс құралдарын пайдалану және еңбек жағдайларын тұрақты бақылау мәселелері кеңінен қарастырылды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-