ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Айгүл Ноғайқызы Күзенбердиева – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Б.Кейкиев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған білікті педагог, өз ісінің шебері.
Адамды шыңдайтын, абырой мен беделге жеткізетін асыл қасиеттің бірі - еңбек дейтін болсақ, осы тұрғыдан алғанда Айгүл Ноғайқызының өмір жолы мен еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол 1996 жылдан бері білім беру саласында табысты еңбек етіп, отыз жылға жуық уақыт ішінде талай шәкірттің алғашқы ұстазы атанып келеді.
Айгүл Ноғайқызы осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, әр баланың жүрегіне жол тауып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға бар күш-жігерін жұмсауда. Сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдаланып, ойын элементтері мен шығармашылық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін дамытады. Ұстаз әр оқушының қабілетін ашуға, олардың бойына адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да оның тәрбиесін көрген шәкірттер білімді, тәрбиелі әрі белсенді болып қалыптасуда.
Айгүл Ноғайқызы кәсіби дамуды да назардан тыс қалдырмайды. Ол облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқаулар мен сайыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. «Алтын тұғыр», «Математикалық регата» сияқты кәсіби байқаулардағы жетістіктері оның педагогикалық шеберлігінің айқын дәлелі. Ұжым арасында сыйлы әріптес, кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде де танылған ұстаз әрдайым қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әріптестеріне қолдау көрсетуден жалыққан емес. Оның адал еңбегі, кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі көпшілікке үлгі.
«Еңбек адамы» деген мәртебелі атақ ең алдымен өз ісін сүйетін, қоғам игілігі үшін аянбай тер төгетін жандарға лайық. Айгүл Күзенбердиева дәл осындай еңбегімен ел құрметіне бөленген, шәкірт жүрегінен орын алған ардақты ұстаз.
Жамбыл облыстық ұйымы.