ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
Сансызбай Сәдуақасұлы – Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, талантты музыкант, білікті ұйымдастырушы. Ол – ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Сырдария-Жырдария» төсбелгісінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
1951 жылы О.Мәлібаев ауылында дүниеге келген Сансызбай Сәдуақасұлы саналы ғұмырын өнер мен білім саласына арнады. Ұзақ жылдар музыка мектебінде ұстаз, басшы қызметтерін абыроймен атқарып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берді.
1974 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, оның халықтық дәрежеге жетуіне зор еңбек сіңірді. Жергілікті сазгерлердің шығармаларын жаңғыртып, оркестр репертуарын байытты. Сонымен қатар, Сәдуақасовтар жанұялық ансамблін құрып, облыстық, республикалық байқауларда биік белестерді бағындырды.
Сансызбай Сәдуақасұлы – білім саласын өмірінің өзегіне айналдырып, жас ұрпақтың сапалы тәрбие мен саналы білім алуына өлшеусіз үлес қосқан, ел ағарту ісінің дамуына өшпес із қалдырған, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын ардақты тұлға.
Қызылорда облыстық ұйымы