ЕҢБЕК АДАМЫ
Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Себебі ұстаз – шәкірт жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбиені қатар дарытатын қасиетті маман иесі. Осындай білікті де шығармашыл ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу мектеп-балабақшасының музыка пәні мұғалімі Түлкібаева Гүлбарам Хабиболлақызы.
Гүлбарам Түлкібаева — 1967 жылы Алтықарасу ауылында дүниеге келген. Ол Ақтөбе педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Шығармашылық факультетін тәмамдап, музыка тәрбиешісі және ән-күй мұғалімі мамандығын игерді. Бүгінде 31 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар жоғары санатты педагог-зерттеуші ретінде жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп келеді.
Ұстаз өз ісіне адал, шығармашыл әрі жаңашыл маман. Ол ұлттық өнер мен эстетикалық тәрбиені ұштастырып, шәкірттердің бойына рухани құндылықтарды сіңіруге ерекше көңіл бөледі.
Гүлбарам Түлкібаеваның жетекшілігімен құрылған «Шабыт» хоры мен шығармашылық жобалары көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Оның шәкірттері республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өнерлерімен танылуда. Атап айтқанда, «Жас талант», «Ұстаз – ұлы тұлға» шығармашылық байқауларында вокал және хор номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
Тәжірибелі ұстаз аудандық, облыстық семинарлар мен шеберлік сыныптарына белсенді қатысып, өз іс-тәжірибесімен бөлісіп келеді. «Музыка сабағында жаңа платформаларды тиімді пайдалану» тақырыбындағы шеберлік сабағы жоғары бағаланып, алғыс хаттармен марапатталған. Сонымен қатар «Білікті ұстаз» республикалық олимпиадасында І орын иеленіп, «Цифрлық ғасыр ұстазы» облыстық байқауында үздік нәтиже көрсетті.
Гүлбарам Түлкібаева – өнер мен тәрбиені қатар алып жүрген, шәкірт жүрегіне жол таба білген парасатты педагог. Оның тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісі жас ұрпақтың рухани дамуына үлкен үлес қосып келеді.