КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ КИЕЛІ МЕКЕНГЕ САПАРЫ
Түркістан – қасиетті мекен. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің осында өтуі де бекер болмаса керек. Түркістан төрінде Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстанның Президенттері бас қосып, киелі мекенді халықаралық дипломатияның маңызды алаңына айналдырды. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті де Түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қабылдаған көне шаһарға бет алып, киелі мекенді зиярат етіп қайтты.
Кәсіподақ мүшелігіндегі мектептер мен балабақша ұжымдары ұлтымыздың рухани құндылықтары тоғысқан Түркістан қаласында болып, тарихи танымын байытып, рухтанып қайтты. Барлық кәсіподақ мүшелеріне аудандық ұйымның қолдауымен 50 пайыздық жеңілдік жасалды. Сапар барысында саяхатшылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қазақ хандары мен халқымыздың басқа да ардақты ұлдарына құран бағыштады.
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік мекені саналатын бұл орын – әрбір жанға ерекше рухани әсер сыйлайды. Кесененің көркем сәулеті мен терең тарихы ешкімді бей-жай қалдырмады. Сонымен қатар, педагогтар «Арыстан баб» кесенесі мен «Домалақ ана» кесенесіне барып, қасиетті орындарға тағзым жасады. Бұл киелі орындарда да ата-бабалар рухына құран бағыштап, құрмет көрсетті.
Саяхат аясында заманауи «Керуен-Сарай» кешенінде де болып, шаһардың шығыстық сәулеттік келбетімен танысып, тамаша әсерге бөленді. Мұнда ұйымдастырылған концерттік шоу бағдарламаларды тамашалап, шығыс үлгісіндегі көріністерді көріп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Бұл сапардың жоғары деңгейде өтуіне аудандық кәсіподақ ұйымының үлесі зор болды. Осындай бірлескен сапарлар ұжым арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, әріптестердің бір-бірімен жақын араласуына ықпал етеді. Бұл тек демалыс қана емес, рухани байып, тарихи мұраларымызды тануға берілген үлкен мүмкіндік болды.
Ұ.Нұрмашова,
«Шапағат» бөбекжай балабақшасының БКҰ төрағасы.
Жуалы ауданы, Жамбыл облысы