БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов пен заңгер-кеңесші Әсет Қайырханның Панфилов ауданына барған жұмыс сапарында Жаркент көпсалалы колледжінің ұжымымен кездесті.
Құрметті қонақтарды колледж директоры Байұзақ Бажиев қарсы алып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Кездесу барысында колледждің материалдық-техникалық базасы, білім беру бағыттары мен студенттерге жасалып жатқан мүмкіндіктер жайында кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар оқу орнының жетістіктері мен алдағы жоспарлары таныстырылды.
Жиын барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен ашық пікір алмасу өтіп, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық келісімшарттың маңызы және кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары талқыланды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов білім саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіподақ ұйымының қолдауы әрдайым жалғасатынын атап өтті. Ал заңгер-кеңесші Әсет Қайырхан еңбек заңнамасына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесу еркін форматта өтіп, ұжым мүшелері кәсіподақ ұйымының қызметіне оң бағаларын білдірді. Мұндай кездесулер кәсіподақ пен еңбек ұжымы арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мақсаттарға бірлесе жетуге ықпал ететіні айтылды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-