БІЛІМ ЖОЛЫНДАҒЫ БАЯНДЫ ЕҢБЕК
Дженбаева Роза Әбдібекқызы - білім беру саласында ұзақ жыл еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім сапасын арттыруға зор үлес қосқан тәжірибелі ұстаз, басшы және педагог-психолог. Ол 1982 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте еңбек жолын тәлімгер ретінде бастады. Сол кезден-ақ ол жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, мектеп өміріне белсене араласты. Оның еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі ұжым арасында беделін арттырды.
Роза Әбдібекқызы 1988-1996 жылдар аралығында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, мектептегі оқу-тәрбие жұмысының сапалы ұйымдастырылуына үлкен үлес қосты. Осы кезеңде ол білім беру үдерісін жетілдіруге, мұғалімдердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлді. Ал 1996-2013 жылдары Жамбыл ауданы, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп директоры қызметін атқарып, оқу ордасын басқарды. Бұл жылдары ол мектептің дамуына, оқушылардың сапалы білім алуына, ұстаздардың біліктілігін арттыруға және оқу-тәрбие процесін жүйелі жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Оның басшылығымен мектептің беделі артып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.
2017 жылы Айша бибі ауылдық округі әкімшілігінде әдіскер қызметін атқарып, білім мен тәрбие саласындағы жұмыстарды үйлестіруге атсалысты. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, түрлі жобалардың жүзеге асуына үлес қосты. Ал 2019 жылдан бастап педагог-психолог қызметін атқарып, оқушылардың психологиялық дамуына қолдау көрсетіп, ата-аналармен және мұғалімдермен тығыз байланыста жұмыс істеді. Ол әр баланың жеке ерекшелігін ескеріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға тырысты.
Роза Әбдібекқызының өмір жолы еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және ұстаздыққа адалдықтың жарқын үлгісі. Ол білім беру саласында өз ізін қалдырған, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берген үлгі тұтар тұлға.
Жамбыл облыстық ұйымы.