ӘЙЕЛ ӨНДІРІСТЕ: ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫ, ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында «Әйел өндірісте: еңбек жағдайы, құқығы және қауіпсіздігі» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өтіп, оған заңгерлер, еңбек инспекторлары, кәсіподақ өкілдері, кәсіпкерлер палатасы мен сақтандыру саласының мамандары қатысты.
Диалог алаңының мақсаты – өндірістегі әйелдердің еңбек жағдайы, құқықтық кепілдіктері мен қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау, еңбек қатынастарындағы түйткілдердің алдын алу және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту болды.
Жиынды «AMANAT» партиясының облыстық филиалы Әйелдер қанатының мүшесі, «Білім» кәсіби гуманитарлық техникалық колледжінің директоры Жанат Ертаева ашып, партия алаңы арқылы азаматтардың мәселелерін шешу мен нақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақтың еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудағы рөлі мен саладағы өзекті мәселелер жөнінде баяндады. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Зауре Адамбаева өндірістегі әйелдердің еңбек құқықтарының бұзылуы және құқықтық жауапкершілік мәселелеріне тоқталса, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департамент өкілі Жанат Мухатаева өндірістегі қауіпсіздік талаптары мен әйелдерге арналған заңнамалық кепілдіктер туралы түсіндірді.
Сондай-ақ, жиында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары, тәуекелдер мен даулардың алдын алу жолдары жөнінде пікір білдірді. Ал жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова ұжымдық шарттың әйелдердің еңбек құқықтарын қорғаудағы маңызына тоқталды.
Диалог алаңында сондай-ақ өндірістегі әйелдердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру мәселелері талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-