АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ - ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Адамды көркем ететін атақ-даңқ емес, артында қалған сауапты, салиқалы ісі. Өз еңбегімен, ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен елдің құрметіне бөленген жан, ардагер ұстаз, ақын, қоғам қайраткері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері - Бақыт Байжігітов.
Бүгінде 70 деген белесті бағындырған Бақыт аға бала шақтан білімге құштар болып өсті. Мектеп бітірген соң Отан алдындағы борышын 1974-1976 жылдары Совет Армиясы қатарында өтеді. Бұл кезең ол үшін жігерін шыңдап, өмірлік ұстанымын бекемдей түскен сәт болса керек. Әскерден оралған соң Шымкент педагогикалық институтына түсіп, оны 1981 жылы тәмамдады. Мамандығы бойынша еңбек жолын К.Әзірбаев атындағы совхоз техникумында бастады. Одан кейін Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында, №51 орта мектепте мұғалім болып еңбек етті. Сөйтіп зейнеткерлікке шықты.
Ұстаздық жол – жүрек пен жанның ісі. Бақыт Оразайұлы осы мұраттың үдесінен шыға білді. Оның әрбір сабағы өнеге, әрбір айтқан сөзі тағылым. Ол шәкірт жүрегіне тек білім нұрын құйып қана қойған жоқ, имандылық пен ізгіліктің дәнін септі. Әсіресе ол кісінің А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептегі қызметі айрықша аталады. Мұнда ол оқу-тәрбие үдерісін жаңғыртуға үлес қосып, жас мамандарды қанаттандырды. Қатар жүрген әріптестері оның әр іске тиянақтылықпен қарап, бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар мінезін ерекше бағалайды. Ал шәкірттері болса ұстаздың талапшылдығы мен жанашырлығын жоғары бағалайды.
Мектептің рухани келбетін қалыптастыруда да оның еңбегі ерен. Ұжымның бірлігін бекемдеп, мектеп гимнінің мәтінін жазуға мұрындық болды. Бұл бастама кейін ресми сипат алып, білім ордасының айнымас рәмізіне айналды. Гимннің әр тармағында елге деген сүйіспеншілік, білімге деген құрмет көрініс тауып, жас буынның жүрегінен орын алды.
Бүгінде Бақыт Оразайұлы Қордай аудандық ардагерлер алқасының белсенді мүшесі, әкелер кеңесінің төрағасы ретінде қоғам ісіне белсене араласып жүр. Қаламгерлік қыры да оның болмысын толықтыра түседі. Автордың «Ұстаз ұлағаты – өмір тағылымы» атты жыр жинағы оқырман жүрегінен өз бағасын алып үлгерген.
Жамбыл облыстық ұйымы.