ЖЕТІСУДА ВОЛЕЙБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ
2026 жылдың 5–6 мамыр күндері Талдықорған қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ерлер арасында волейболдан Жетісу облысы білім басқармасының Кубогі ұйымдастырылды. Аталған жарыс салауатты өмір салтын насихаттау, волейбол спортын дамыту және білім беру ұйымдары қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілді.
Жарысқа Жетісу облысының аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, жалпы білім беру ұйымдарының директорлары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері мен кәсіподақ ұйымдарының құрама командалары қатысты. Бұл өз кезегінде түрлі деңгейдегі білім саласы қызметкерлерінің басын қосып, ортақ спорттық алаңда тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Салтанатты ашылу рәсімі Талдықорған қаласындағы Қ. Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінде өтті. Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал жарыстың негізгі кезеңдері осы білім ордасы мен №29 мектеп-лицей базасында жалғасын тапты. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты ойын өрнегін паш етті.
Турнир командалық жүйе бойынша ұйымдастырылып, командалар екі топқа бөлінді. Әр ойын Халықаралық волейбол федерациясының ережелеріне сәйкес өткізілді. Жеңімпаздар ұпай саны арқылы анықталып, финалдық кезеңде үздік командалар өзара бақ сынасты.
Жарыс барысында тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылды. Қатысушылардың жол жүру қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, барлық командалар қажетті құжаттармен толық қамтылды. Сонымен қатар, ойын барысында әділ төрелік қамтамасыз етіліп, спорттық мәдениет сақталды.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Панфилов ауданы, ІІ орынды Сарқан ауданы, ІІІ орынды Текелі қаласының командалары иеленіп, дипломдармен, кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ орын ала алмаған барлық командалар мен үздік ойыншылар түрлі номинациялар бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-