МЕРЕКЕЛІК ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінің ұйымдастыруымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекелеріне орай білім беру саласы қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері арасында волейболдан аудандық турнир өтті.
Мерекелік спорттық шараға аудан мектептерінің ерлер және әйелдер құрамалары қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің негізгі мақсаты – білім беру саласы қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылықты арттыру, кәсіподақ ұйымдары арасындағы ынтымақтастық пен шынайы бәсекелестікті дамыту болды.
Турнирдің ашылу салтанатында ұйымдастырушылар жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарыстың ережесі, өту тәртібі таныстырылды. Бұдан кейін мектептің спорт залдарында қызу тартыс басталып, командалар өз шеберліктерін сынады.
Тартысты өткен ойындар жанкүйерлердің де қызығушылығын арттырып, спорттық рух пен ұйымшылдықтың үлгісіне айналды.
Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасында І орынды Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының командасы иеленді. ІІ орын №7 «Келешек» мектебі командасына бұйырса, ІІІ орынды Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі құрамалары өзара бөлісті.
Ал әйелдер арасында І орынды Ғазиз Байтасов атындағы тірек мектебі жеңіп алды. ІІ орынды Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясы иеленсе, ІІІ орынды Жамбыл атындағы орта мектебі мен Көктал орта мектебі командалары жеңіп алды.
Турнир соңында барлық қатысушылар мен жеңімпаз командалар арнайы Дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-