КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫН БІРІКТІРГЕН КӘСІБИ ОРТА
Ақтөбеде Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен «КӘСІПОДАҚ 2.0» WORKshop семинары өтті. Аталған іс-шара жас педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Семинардың негізгі мақсаты – жас мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және білім беру үдерісінде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға бағыт беру. Сонымен қатар, қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, педагогикалық шеберліктерін жетілдіріп, кәсіби ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Іс-шарада тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар топтарға бөлінді.
Семинар барысында бірнеше аудиторияда қатар өткен шеберлік алаңдарында түрлі бағыттағы спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірінші аудиторияда педагог-дефектолог Әлия Тұрдалина заманауи құралдарды тиімді пайдалану жолдарын таныстырса, ағылшын тілі пәні мұғалімі Назерке Сапарова сөздерді есте сақтаудың тиімді әдістерімен бөлісті.
Екінші аудиторияда бастауыш сынып мұғалімі Гүлсезім Елеманова жасанды интеллектіні сабақта қолдану тәсілдерін көрсетсе, химия пәні мұғалімі Рыскүл Майлыбаева сабын жасаудың негіздерін тәжірибелік тұрғыда түсіндірді.
Үшінші аудиторияда Бижамал Жанабаева ата-анамен тиімді қарым-қатынас орнатудың жаңа тәсілдерін ұсынды. Ал, математика пәні мұғалімі Дінмұхаммед Қуанғалиев «Бір сабақ – бір нәтиже» қағидаты арқылы сабақ тиімділігін арттыру жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, кәсіподақ жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы Жандос Нұрлыбай сөз сөйлеп, жас мамандарды белсенділікке, үздіксіз ізденіске шақырды.
Ашық алаң форматында ұйымдастырылған квест ойыны қатысушылардың қызығушылығын арттырып, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Семинардың қорытынды бөлімінде 3D book көрмесі бағаланып, белсенді қатысушылар марапатталды. Сонымен қатар, қатысушыларға семинар тақырыбы бойынша пайдалы ақпараттық материалдар мен ресурстар ұсынылды.
«КӘСІПОДАҚ 2.0» WORKshop семинары жас педагогтар үшін тәжірибе алмасу, жаңа идеялармен танысу және кәсіби дамуға серпін берген маңызды алаң болды.