ҚАУІПСІЗДІК ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Қордай аудандық комитетінің ұйымдастыруымен №53 орта мектеп базасында «Білім беру мекемелері мен ұйымдарындағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі» тақырыбында семинар өтті. Оған білім беру мекемелеріндегі техникалық еңбек инспекторлары қатысты. Семинардың модераторы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қарлығаш Кипчакбаева болды.
– Техникалық еңбек инспекторлары мекемелерде еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына тұрақты қоғамдық бақылау жүргізуі қажет. Бұл іс-шара кезінде білім беру мекемелерінде кабинеттердің санитариялық жағдайы, жарықтандырылуы мен желдету жүйесі, электр жабдықтарының қауіпсіздігі, өртке қарсы құралдардың жарамдылығы тексерілуі керек. Ал еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтардың өзектілігі мен құжаттаманың дұрыс жүргізілуіне дұрыс назар аудару қажет, – деді ол.
Кәсіподақ мүшелері тарапынан еңбек жағдайына қатысты туындаған сұрақтар мен ұсыныстар техникалық инспектор арқылы қаралып, заңнама аясында шешіледі. Қажет болған жағдайда әкімшілікпен бірлесіп жұмыс жүргізіледі. Бұл әлеуметтік әріптестік қағидаттарын нығайтып, ұжым ішіндегі өзара сенімді арттырады. Ал еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру тек бақылаумен шектелмейді. Ол әр қызметкердің жеке жауапкершілігін арттыруды, қауіпсіздік талаптарын күнделікті қызметте сақтауды және қауіп-қатердің алдын алуға бейжай қарамауды талап етеді.
– Ұжымдық қауіпсіздік – әрқайсымыздың тәртіп пен талапты сақтауымызға тікелей байланысты. Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету сапалы білім берудің де кепілі. Себебі, қауіпсіз ортада жұмыс істеген қызметкер өз міндетін сенімді әрі нәтижелі атқарады. Еңбек қауіпсіздігі мәселесі әрдайым назарда болуы тиіс, – деп атап өтті Қарлығаш Қанатбекқызы.
Ал Қордай ауданы бойынша құқықтық инспектор Бауыржан Алпысбаев өз кезегінде ұжымдық шартта көзделген нормаларға тоқталды. Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінің еңбек қауіпсіздігі бойынша техникалық еңбек инспекторы Т. Третьякова бастауыш ұйымдағы атқарылып жатқан жұмыстарын баяндай келіп, өздерінің жұмыстарында қоғамдық бақылаудың мекеме ішіндегі моделін ұсынды. Жауапкершілік тек өзімізден басталатынына тоқтала кетіп, техникалық еңбек инспекторларының жұмысына формальді түрде қарамауды алға тартты. Еңбек қауіпсіздігі бойынша бекітілген жоспарға сай тексеру жүргізіп, нәтижесінде жұмыс берушіге анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілетінін атап өтті.
Семинар соңында қатысушыларға арналған тест сұрақтары беріліп, оның нәтижесі бойынша талдау жасалды. Осы жиын басында таратылған сауалнамаларды зерделеп, сұрақ-жауап сағатына көшіп, техникалық еңбек инспекторларының көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
Жамбыл облыстық ұйымының Қордай аудандық комитеті.
-
Фото
-