КІТАП ПЕН ОҚУШЫ АРАСЫНДАҒЫ КӨПІР
Мектептегі үзіліс басталысымен мектеп кітапханасының іші бірден жанданып кетеді. Бір оқушы кітап өткізуге асықса, енді бірі жаңа кітап іздеп жатады. Осындай қарбалас сәтте әр оқушыға бағыт беріп, дұрыс таңдау жасауға көмектесіп жүрген жан – кітапхана меңгерушісі Ауғанбаева Бақыт Досанқызы.
Бақыт Досанқызы үшін кітапхана жай ғана кітап сақтайтын орын емес. Бұл оқушының ой-өрісі кеңейетін, қызығушылығы қалыптасатын ерекше орта. Сондықтан кітапханашы әр баланың кітапқа деген қызығушылығын оятуға ерекше мән береді. Бұл салаға ол үлкен тәжірибемен келген. Ұзақ жылдар бойы Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында қызмет атқарып, оқырманмен жұмыс істеудің қыр-сырын жетік меңгерді. Сол тәжірибесін бүгінде мектеп кітапханасында тиімді пайдаланып келеді. Кітап таңдауда бағыт беру оның күнделікті жұмысының маңызды бөлігі. Әр оқушының талғамын ескеріп, соған сай кітап ұсыну арқылы ол балалардың оқуға деген ынтасын арттырып келеді. Соның нәтижесінде кітапханаға келушілер саны да көбейіп, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік туып отыр.
Тараз қаласындағы №69 орта мектепке келген уақыттан бастап-ақ ол өз ісіне жаңаша серпін әкелді. Кітапхананың жұмысы тек кітап берумен шектелмей, түрлі іс-шаралармен толықты. «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобалары аясында әдеби кештер, кездесулер, көрмелер ұйымдастырылып, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы арта түсті. Кейде ең үлкен еңбек көзге көріне бермейді. Бақыт Досанқызының жұмысы да дәл сондай. Ол дабырсыз жүріп, оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалыптастырып келеді. Олар үнсіз қызмет ете отырып, болашақ ұрпақтың рухани дамуына жол ашады.
Жамбыл облыстық ұйымы.