«ТАЛАНТТЫ АРДАГЕР – ТАЛАПТЫ ЖАС ҰСТАЗ»: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ФЕСТИВАЛЬ.
Бүгін Абай облысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Талантты ардагер – талапты жас ұстаз» атты ерекше фестиваль жоғары деңгейде өтті. Бұл тағылымды шара – тәжірибелі ардагер ұстаздар мен білім саласына жаңадан қадам басқан жас мамандардың басын қосқан, рухани сабақтастықты дәріптеген маңызды мәдени-әлеуметтік оқиға болды.
Фестиваль Абай облысының білім басқармасы мен ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Абай облысының кәсіподақ ұйымы демеушілігімен өтті. Бұл қолдау шараның мазмұнын байытып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты.
Салтанатты кештің ашылуында жүргізушілер Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – ел тарихындағы маңызды белес екенін атап өтіп, бұл мерекенің ұлтты біріктіретін құндылық екенін ерекше жеткізді.
Шараға елімізге танымал өнер және қоғам қайраткерлері арнайы қатысып, кештің мәртебесін арттырды. Олардың қатарында композитор, Қазақ өнерінің қайраткері Кентау Назарбек, Шалқар Тұрсынғазыұлы, Тұрсынғазы Рахимовтың ұлы, Үміт Сыбанова және өңір басшылары мен зиялы қауым өкілдері болды.
Фестивальдің ашылу рәсімінде Абай облысының кәсіподақ үйымының төрағасы Ибраев Сабит Молдатьянович құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар қауымының ел болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Алин Мұрат Сейсенұлы да жүрекжарды тілегін білдіріп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті.
Фестиваль барысында қатысушылардың шығармашылық деңгейі, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі әділ қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Қазылар құрамында білім және мәдениет саласының тәжірибелі мамандары болды.
Қорытынды бөлімде жеңімпаздар марапатталып, үздік өнер көрсеткен қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
-
Фото
-