ЕҢБЕК АДАМЫ
Кітапханашы – білім мен руханияттың алтын діңгегі, жас ұрпақты кітап арқылы тәрбиелеп, олардың ой-өрісін кеңейтетін еңбек адамы. Осындай маңызды да жауапты қызметті өмірінің өзегіне айналдырған жандардың бірі – Әбдірахманова Ләззат Мутигуллинқызы.
Ләззат Әбдірахманова — 1969 жылы 27 қыркүйекте Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Әлімбет ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1986 жылы туған ауылындағы кітапханадан бастап, 1994 жылға дейін ауылдық кітапханада қызмет атқарды. Бұл жылдар оның кітапқа, білімге деген сүйіспеншілігін арттырып, болашақ мамандығының негізін қалады.
1994–1999 жылдар аралығында Бозтөбе ауылында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ұстаздық жолда ол шәкірттеріне сапалы білім мен тәрбие беріп, олардың тілге деген құрметін қалыптастыруға өз үлесін қосты. Ал 1999–2001 жылдары мектепалды даярлықта тәрбиеші қызметін атқарып, бүлдіршіндердің алғашқы білім баспалдағына нық қадам басуына ықпал етті.
2001 жылдан бастап Әлімбет орта мектеп-балабақшасында кітапханашы қызметін атқарып келеді. Осы салада ол оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына жол ашып жүр. Кітапхана жұмысын жүйелі ұйымдастырып, білім ордасының мәдени-танымдық ортасына айналуына үлес қосуда.
Ләззат Әбдірахманова – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор жан. Оның сан жылдық еңбегі жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына қосқан зор үлес. Осындай еңбек адамдарының өнегелі жолы қоғам үшін әрдайым бағалы.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-