ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ҰСТАЗ
Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адал еңбегімен құрметке ие болған жандардың бірі – Шойынбаева Ғазиза Жүкенқызы. Ол бастауыш сыныптың білікті ұстазы ретінде 42 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі педагог.
Ғазиза Жүкенқызының өмірлік ұстанымы – мұғалім мамандығы барлық мамандықтардың анасы. Себебі, адам өмірінде қажет кез келген кәсіптің негізін үйрететін – Ұстаз.
Еңбек жолын 1983 жылы Шығанақ ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте іс жүргізуші болып бастаған ол, кейін бастауыш сынып мұғалімі қызметіне ауысты. Содан бері осы білім ордасында табан аудармастан абыройлы еңбек етіп келеді.
Тәжірибелі педагог жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісіп, әрдайым қолдау көрсетеді. Оның сабырлығы мен іскерлігі, ұстаздық шеберлігі көпке үлгі. Ғазиза Жүкенқызы өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі арқылы әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне ие.
Ұстаз әр сабағында оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, білімге деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән береді. Бұл еңбегі өз нәтижесін беріп, түрлі марапаттармен бағаланған. Атап айтқанда, «Үздік педагог» байқауында «Жаңашыл мұғалім» номинациясын иеленіп, «Авторлық бағдарламалар» байқауында жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің және Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сондай-ақ, «Алые Паруса» халықаралық балалар орталығы ұйымдастырған V халықаралық олимпиадада бастауыш сынып пәні бойынша І орын иегері атанды.
Жақсы ұстаз болу үшін Әл-Фараби айтқан қасиеттерге ие болу қажет. Өз ісімді сүйе отырып, шәкірттеріммен күн сайын кездесіп, білім нәрін беруден еш жалыққан емеспін. Әр сабағымның мазмұнды әрі қызықты өтуі үшін бар күш-жігерімді саламын, – дейді ұлағатты ұстаз Ғазиза Жүкенқызы.
Жамбыл облыстық ұйымы