БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІ ҮШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Осындай абыройлы жолды жүрек қалауымен таңдаған, шәкірт жүрегіне білім шуағын сеуіп жүрген жандардың бірі – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Досбол орта мектебінің тарих және география пәні мұғалімі Мақпал Төлебайқызы Утбаева.
Мақпал Төлебайқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен біліктілігін ұштастыра білген жаңашыл ұстаз. Ол әр сабағын терең мазмұнмен, тың әдіс-тәсілдермен ұйымдастырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Тарих сабағында өткеннің тағылымын бүгінмен байланыстырып, елдік пен бірлік құндылықтарын дәріптесе, география пәнінде туған жердің табиғаты мен әлем кеңістігін таныту арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтеді.
Ұстаздың басты мақсаты – тек білім беру емес, саналы, Отансүйгіш, рухы биік тұлға қалыптастыру. Ол шәкірттерін түрлі байқаулар мен олимпиадаларға дайындап, олардың жетістікке жетуіне бағыт-бағдар береді. Әр оқушының қабілетін танып, жеке жұмыс жүргізуі оның кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.
Әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар тарапынан құрметке ие Мақпал Төлебайқызы қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы да үлгі. Мектеп өміріндегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, тәрбиелік мәні зор жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Ұстаздық жол – табандылық пен төзімділікті талап ететін қасиетті жол. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген 24 жылдық еңбек өтілі, «педагог-зерттеуші» санаты бар Мақпал Төлебайқызы шын мәнінде шәкірттері үшін де, әріптестері үшін де үлгі тұтар тұлға. Білім мен тәрбиені қатар ұстанған осындай ұстаздар барда болашағымыздың берік, келешегіміздің кемел боларына сенім мол.
Жамбыл облыстық ұйымы