ҰСТАЗДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІГІ
Үлкен жетістік бір күнде келмейді. Оның артында көзге көріне бермейтін ұзақ еңбек, күн сайынғы тәртіп, талай рет жеңілгенімен қайта тұра білетін жігер жатады. Әсіресе, адам өзіне биік талап қойып, сол мақсатына жылдар бойы табанды түрде ұмтылғанда ғана нәтиже өз жемісін береді. Ақтөбе қаласындағы Білім-инновация лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Орынбек Айбол Ерболұлы үшін Бакудегі IRONMAN 70.3 жарысының мәресі — дәл осындай ұзақ еңбектің қорытындысы.
Әзербайжанның астанасында өткен халықаралық жарыста бақ сынаған ұстаз күрделі қашықтықты сәтті еңсеріп, мәреге жетті. Бұл — спорттағы кезекті нәтиже ғана емес, бірнеше жыл бұрын алға қойған мақсаттың орындалуы.
Айбол Орынбек жарысқа үш жылға жуық үздіксіз дайындалғанын айтады. Осы уақыт ішінде спорт оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Жаттығу, уақытты тиімді жоспарлау, физикалық күшті дұрыс бөлу, шаршаған сәтте де дайындықты тоқтатпау — мұның бәрі үлкен жарысқа апарар жолдың құрамдас бөлігі болды.
IRONMAN 70.3 — қатысушыдан физикалық дайындықпен қатар, мықты мінезді де талап ететін жарыс. Мәреге жеткізетін нәрсе сол сәттегі шешім мен табандылық. Ұстаздың бұл жетістігінің мәні де осында. Балаға білім беретін мұғалімнің өмір жолы оның айтқан сөзінен кем әсер етпейді. Шәкірт ұстазының сабағынан тарихты үйренсе, оның ісінен мақсатқа жетудің жолын көре алады. Өйткені, табандылық туралы айту бір бөлек те, оны өз өміріңмен көрсету — мүлде басқа.
Айбол Орынбектің спорттағы жолы да осыны аңғартады. Ол шәкірттеріне биік мақсат қоюдың, сол мақсатқа жету үшін уақыт пен күшті дұрыс жұмсаудың, ең бастысы, бастаған істі соңына дейін жеткізудің үлгісін көрсетіп отыр.
Бүгінде Айбол Орынбек үшін Бакудегі жарыстың мәресі — соңғы нүкте емес. Керісінше, адамның өз мүмкіндігін жаңа қырынан танып, алдына тағы да биік мақсаттар қоя алатынын көрсеткен маңызды белес. Ұстаздығы мен спортты қатар алып жүрген Айбол Ерболұлының бұл жетістігі әріптестері мен шәкірттеріне де ой саларлық өнеге.
Айбол Ерболұлын айтулы жетістігімен құттықтап, алдағы мақсаттарына сәттілік тілейміз!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы