ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖӘНЕ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМДАРЫМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ
«Қалың қалай, бастауыш?» республикалық онлайн-жобасы аясында жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кері байланысты нығайту бағытындағы кезекті кездесу өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған бұл жиынға Шымкент қалалық және Атырау облыстық ұйымдарына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, белсенділері мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева бүгінгі таңда республика деңгейінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды. Өз сөзінде төраға кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, заңды кәсіби мүдделерін еңбек даулары деңгейіне жеткізбей шешу тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды трендтердің бірі – білім беруді цифрландыру жағдайында педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне баса назар аударды.
Ашық диалог алаңында өңірлерден қатысқан педагогтар мен кәсіподақ жетекшілері өздерін мазалап жүрген ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Барлық қойылған сауалдарға Орталық комитеттің құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева заң шеңберінде нақты, мазмұнды әрі әдістемелік тұрғыдан толыққанды жауаптар берді.
Жиын барысында бүгінгі күні еңбек қатынастарын ашық жүргізудің басты құралына айналған HR.Enbek.kz порталында еңбек шарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесі кеңінен талқыланды. Кәсіподақ өкілі Мадина Бейсембаева порталдың жұмыс істеу алгоритмі, электронды келісімшарттар жасасу кезіндегі қателіктерді болдырмау және цифрлық жүйе арқылы қызметкердің еңбек өтілін заңды бекіту жолдарын жан-жақты түсіндіріп берді.
Мұндай тікелей байланыс алаңдары мен ашық диалогтар өңірлердегі, әсіресе шалғай елді мекендердегі өзекті проблемаларды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Орталық комитет пен бастауыш ұйымдар арасындағы алшақтықты жойып, кәсіподақ пен оның әрбір мүшесі арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайтудың бірегей құралына айналып отыр. «Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясындағы кездесулер алдағы уақытта да басқа облыстарды қамти отырып, тұрақты түрде жалғасатын болады.
-
Фото
-