ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы «Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясында Шалқар, Ойыл және Байғанин аудандарының кәсіподақ мүшелерімен онлайн форматта ашық кездесу өткізді.
Кездесу барысында облыстық кәсіподақ ұйымының бүгінгі жұмысы, атқарылып жатқан жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер кеңінен сөз болды. Сондай-ақ сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, құқықтық қолдау көрсету және ұйымдық құрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Онлайн жүздесу кезінде кәсіподақ өкілдері еңбек заңнамасына қатысты маңызды мәселелер жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға еңбек демалысын рәсімдеу тәртібі, қызметкерлердің құқықтары, еңбек қатынастарындағы заң талаптары және келісу комиссияларының жұмысы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар еңбек дауларының алдын алу және оларды заң аясында шешу жолдары талқыланды.
Онлайн кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, кездесуге Байғанин орта мектебі, Қарауылкелді орта мектебі, Саға мектеп-балабақшасы, Қарасу негізгі мектебі, Тайсойған негізгі мектебі, Б.Сүлейменов атындағы мектеп, «Жолшы» бөбекжай-бақшасы, «Балдырған» бөбекжай-бақшасы және «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының кәсіподақ мүшелері қатысты. Жалпы жиын 250-ге жуық кәсіподақ мүшесін қамтыды.
Ақтөбе облыстық ұйымы
-
Фото
-