КӘСІБИ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАРЛАР ЛЕГІ ЖАЛҒАСУДА
29 сәуірде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының мүшелік ұйымдары мен филиалдарының бас бухгалтерлері, бақылау-тексеру комиссияларының төрағаларына арналған екі күндік семинар-кеңес басталды.
Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Виктор Беженаров құттықтау сөз сөйледі. Ол қатысушыларды Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, қаржылық тәртіп мәселелеріне баса назар аударды, сондай-ақ кәсіподақ бюджеті қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етудегі қаржы қызметкерлерінің үлесін атап өтті.
Аудитор Жұлдыз Уәлиева кәсіподақ ұйымдарындағы бухгалтерлік есепті жүргізудің ерекшеліктері туралы айтып, жеке тұлғалармен жасалатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға жақында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға егжей-тегжейлі тоқталды.
PhD докторы, адам ресурстары жөніндегі халықаралық сарапшы Нәби Гүлзи келіссөздер психологиясы тақырыбын, соның ішінде қаржы саласына бейімделген Гарвард моделінің принциптерін таныстырды. Сонымен қатар, кәсіби коммуникациядағы сенім пирамидасын және келіссөздер процесінде туындайтын негізгі мәселелерді қарастырды.
Салық сарапшысы Маржан Рахметқалиева Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі туралы баяндады. Ол басты жаңалықтардың бірі — салықтық әділдікті арттыруға және табысы төмен азаматтарға түсетін салық жүктемесін азайтуға бағытталған жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мәселесіне тоқталды.
Баяндамалардан кейін спикерлер семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Бірінші күннің қорытындысы бойынша төраға орынбасары В. Ф. Беженаров лекторларға мазмұнды баяндамалары үшін алғыс білдірді.