Талдықорғанда «Бар сый аналарға» атты салтанатты қабылдау өтті
Білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен қызметкерлердің мүддесін қорғау кәсіподақ ұйымының басым бағыты. Осы ретте, көктемнің көркін ашатын мерекелердің бірі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы «Бар сый аналарға» тақырыбында салтанатты қабылдау өткізді.
Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров кәсіподақ мүшелері - білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген Батыр аналарды - “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлерін қабылдады. Қоғамның дамуына айырықша үлес қосқан аналарға ерекше сый-сыяпат, құрмет көрсетілді. Салтанатты қабылдау барысында ұйым төрағасы көпбалалы ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, гүлшоқтарын және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.
Сонымен қатар, аналарымызды құттықтауға Талдықорған аумақтық ұйымы жанынан құрылған педагогикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Тұрысбеков, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Хаймолданов қатысып, өз ақ тілектерін білдірді.
«Ел алдында сіздер мемлекеттік қызметкер, ұстаз, дәрігер, кәсіпкерсіздер. Ал үйде – аяулы ана, асыл жарсыздар. Қызмет орнының да, үйдің де берекесі мен жылуын кіргізіп отырған да Сіздер. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып, болашаққа сеніммен қарап, игілікті істерге дем беріп отырған аналарға, апаларым мен қарындастарыма ізгі ниетім мен ақ тілегімді білдіріп, жасай беріңіздер дегім келеді», - деді өз құттықтауында Садық Нұрсапаұлы.
Дөңгелек үстел басында қонақтар әсем ән шырқап, аналар туралы өлеңдер оқыды. Мерекелік шара соңында ұйымдастыушыларға жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.
Білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымыныңбаспасөз қызметі
-
Фотографии
-