Жетісу мемлекеттік университетінде ұстаз-ғалымға құрмет көрсетілді
13 наурыз күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде оқу ордасы ректорының кеңесшісі, п.ғ.д., профессор Марат Жабықбайұлы Мәлтекбасовтың 60 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті.
Шараға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қ.Баймырзаев, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Нұрқадыров, Талдықорған қалалық маслихатының хатшысы Қ.Бұлдыбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров та мерейтой иесіне құттықтау лебізін білдіріп, ғалымның еліміздің білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, мерейтой иесіне құттықтау хат пен гүлшоғын табыс етті.
«Жетісу жеріндегі қара шаңырақта 37 жыл бойы білікті кадрлар даярлауда талмай еңбектеніп келесіз. Жас маман болып еңбек жолын бастаған осы университетте қанатыңыз қатайып, қызмет баспалдағымен жоғары өрледіңіз. Ұйымдастырушылық, адамгершілік, парасаттылық қасиетіңізбен ұжымда беделіңіз артты. Оқытушылық қызметтен бөлек қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, тұрмыстық мәселелерін шешуге ден қойдыңыз», - деді құттықтауында Садық Нұрсапаұлы.
Білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағы Талдықорған аумақтық
ұйымының баспасөз қызметі