ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында табанды еңбек етіп келе жатқан еңбек пәнінің мұғалімі – Төлегенова Гүлсара Мәтжанқызы.
Төлегенова Гүлсара Мәтжанқызы — 1967 жылы 13 тамызда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. 1985–1988 жылдары Ақтөбе индустриальды педагогикалық техникумында білім алып, еңбек жолын Байғанин ауданындағы №2 Қарауылкелді орта мектебінде бастады. Кейін бұл білім ордасы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектеп болып аталды. Бір салада, бір мектепте үздіксіз қызмет етіп келе жатқанына бүгінде 38 жыл толды.
Ұстаз – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, әр оқушының жүрегіне жол таба білетін білікті маман. Оның әр сабағы тек білім берумен шектелмей, оқушыларды еңбекке баулуға, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа және өмірге қажетті дағдыларды меңгеруге бағытталған. Жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде оның шәкірттері өмірден өз орындарын тауып, еңбекке деген құрметті бойларына сіңіріп келеді.
Еңбегі еленіп, ұстаз 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, 2022 жылы Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының Құрмет грамотасымен, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық әдістемелік орталықтың Алғыс хатына ие болып, іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылды.
Ұстаздың жетекшілігімен оқушылар да жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтқанда, республикалық «Бояулар құпиясы», облыстық «Ғажайып әлем», «Ұлттық салт-дәстүр: кеше, бүгін, ертең» байқауларында І дәрежелі дипломдарды иеленді.
Төлегенова Гүлсара Мәтжанқызы – әр сабағын өмірмен байланыстыра отырып, оқушыларға еңбектің қадірін ұғындыра білген үлгілі ұстаз. Оның көпжылдық тәжірибесі, даналығы мен шәкірттеріне деген шынайы жанашырлығы әріптестері мен оқушыларының зор құрметіне бөленіп отыр.
Еңбек пен тәрбие ұштасқан жерде ғана болашақ нық қалыптасады.