ШАЛҚАРДА ҮЗДІК ТАРИХШЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбенің Шалқар ауданында «Үздік тарих пәні мұғалімі – 2026» байқауы өтті. Аталған байқау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен өткізілді.
Байқаудың басты мақсаты – тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру, озық педагогикалық тәжірибелерді анықтап, оларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұстаздар арасындағы шығармашылық белсенділікті дамыту болды.
Сайыс үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Шығармашылық таныстыру» бөлімінде өздерінің педагогикалық тұлғасын, кәсіби жетістіктері мен ізденістерін ерекше форматта ұсынды. Екінші кезең – «Ашық сабақ беру» барысында мұғалімдер оқушылар алдында сабақ өткізіп, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, өз шеберліктерін көрсетті. Үшінші кезеңде қатысушылар пән бойынша білім деңгейін анықтау мақсатында тест тапсырды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені №1 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Назгүл Назарова жеңіп алды. І орын Сарықамыс негізгі орта мектебінің мұғалімі Самал Дүйісқа бұйырды. ІІ орынды Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Жайна Төлеубаева мен №12 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Самал Тәжібаева иеленді. ІІІ орынға І.Үргенішбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Амангүл Күртесова, Қарашоқат жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Баршагүл Қасымова және №5 мектеп-лицейінің мұғалімі Салтанат Тәжібаева лайық деп танылды. Ал №4 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Дина Қонақбаева Алғыс хатпен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталып, аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.