КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА ТАНЫМДЫҚ САПАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхат ұйымдастырылды. Саяхатқа Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы ұйымдастырған «Білім беру ұйымдарын жақсарту бағытындағы стратегиялық жоспарлау» тақырыбындағы облыстық педагогикалық хакатонға қатысқан Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл, Меркі және Қордай аудандарының мектеп директорлары мен тиісті аудандық кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Сапар аясында қатысушылар Түркістан қаласының тарихи ескерткіштерін, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Арыстан баб кесенесін және басқа да көне орындарды аралады. Іс-шараның негізгі мақсаты мектеп директорлары арасында тығыз қарым-қатынас орнату және тәжірибе алмасу болды. Саяхат білім саласы қызметкерлерінің кәсіби өсуіне, рухани байлығын арттыруға және жаңа идеялармен алмасуына зор мүмкіндік туғызды.
Жамбыл ауданы №3 орта мектебінің директоры Жандос Досқожа бұл сапарға жоғары баға беріп, «Бұл сапардың құндылығы орындарда емес, адамдарда болды» деп атап өтті. Оның айтуынша, әріптестермен ашық әңгімелесу, ой алмасу және жаңа таныстықтар кәсіби қауымдастықты нығайта түседі.
– Облыстағы білім мекемелерінің басшылары үшін ұйымдастырылған рухани сапар керемет әсер сыйлады. Түркістанға сапар барысында жолай Арыстан баб, Домалақ ана кесенелері мен «Ақ мешіт» жер асты үңгірінде болдық. Бұл жерлер маған бұрыннан таныс, бірнеше рет ұжыммен де, оқушылармен де барғанмын. Алайда бұл жолғы сапардың ерекшелігі бөлек болды. Бұл сапардың құндылығы орындарда емес, адамдарда болды. Әріптестермен ашық әңгіме, еркін ой алмасу, жаңа таныстықтар, шынайы қарым-қатынас орнаттық. Осындай сәттер нағыз кәсіби қауымдастықты қалыптастырады. Осындай мүмкіндік сыйлаған жергілікті кәсіподақ ұйымына, Ерұлан Сәбенұлы бастаған командаға директорлар атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Жамбыл ауданы №3 орта мектебінің директоры Жандос Досқожа.
Сапар тек тарихи орындарды тамашалаумен шектелмей, мектеп басшыларының кәсіби байланыстарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталғаны сезіліп тұрды. Мектеп директорларының хакатоннан кейінгі бұл кездесуі олардың идеяларын ортаға салуға және өзекті мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік берді.
– Осы бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мекеме басшыларының бейресми жағдайда пікір алмасуына, болашақ жоспарларын талқылауына және өзара байланысын нығайтуға септігін тигізеді. Сапар алдағы сәуір айында жалғасын тауып, өзге аудандардағы директорлар үшін де ұйымдастырылады. Мұндай бастамалар басшыларды жігерлендіріп, өңірдегі білім сапасын арттыруға оң ықпал етеді, – деп атап өтті Ерұлан Мағзымбеков.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-