ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қазіргі қоғамда жас ұстаз – ел болашағын қалыптастыратын маңызды тұлға. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жаңа буынды заманауи талаптарға сай тәрбиелеу – жас педагогтардың басты міндеті. Осындай жауапты жолды таңдаған, өз ісіне адал жас мамандардың бірі – Нұртасова Нұршат Нұрлыбекқызы.
Нұртасова Нұршат Нұрлыбекқызы 1994 жылдың 17 мамырында Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол 2012 жылы Саға мектеп-бала-бақшасын тәмамдап, сол жылы Ақтөбе Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға қабылданды. Жоғары оқу орнында «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби бағыт-бағдарын айқындады.
Студенттік жылдары Нұршат Нұртасова тек теориялық біліммен шектелмей, өзін жан-жақты дамытуға ерекше мән берді. 2013–2014 жылдары халықаралық студенттер алмасу бағдарламасы аясында Қытай Халық Республикасындағы Синьцзян университетінде білім алып, шетелдік тәжірибе жинақтады. Бұл кезең оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік және мәдени құзыреттілігін арттыруға зор ықпал етті.
2016 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған жас маман өз еңбек жолын туған өлкесінде бастады. Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде ұстаздық қызметке кірісіп, білім беру саласына тың серпінмен қадам басты. Алғашқы еңбек жолынан бастап-ақ ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, оқушыларға сапалы білім беруді басты мақсат етіп қойды.
Бүгінгі таңда Нұршат Нұртасованың педагогикалық еңбек өтілі 9 жылды құрайды. Осы уақыт аралығында ол кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибесін байыта түсті. Заманауи білім беру әдістерін тиімді қолдана отырып, шәкірттердің пәнге деген қызығушылығын арттыруда табысты еңбек етіп келеді. Оның тынымсыз еңбегі мен ізденісінің нәтижесінде педагог-сарапшы санатына ие болуы – соның айқын дәлелі.
Ұстаз үшін тек білім беру жеткіліксіз, сонымен қатар оқушының тұлғалық дамуына ықпал ету маңызды. Бұл тұрғыда Нұршат Нұртасова оқушыларымен тығыз байланыс орнатып, олардың бойында жауапкершілік, ізденімпаздық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Отбасы – әр адамның тірегі. Нұршат Нұртасова өнегелі отбасының иесі, төрт баланың ардақты анасы. Ұстаздық қызмет пен аналық міндетті қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Ол бұл міндеттерді үйлестіре отырып, қоғамға үлгі боларлық тұлға ретінде қалыптасып келеді.
Қорыта айтқанда, «Жас келсе – іске» деген нақыл сөздің мәнін өз еңбегімен дәлелдеп жүрген Нұршат Нұртасова – бүгінгі жас ұстаздардың жарқын бейнесі.