МӘРТӨКТЕ ҮЗДІК ТӘЛІМГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Ақтөбенің Мәртөк ауданында жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген аға тәлімгерлер арасында «Үздік аға тәлімгер – 2026» атты аудандық байқау өтті. Аталған шараны Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл байқау – тәрбие саласында табысты еңбек етіп жүрген тәжірибелі, ізденімпаз әрі жаңашыл аға тәлімгерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Қатысушылар өз жұмыстарындағы тың идеялар мен тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынып, шығармашылық қабілеттерін жан-жақты таныта білді. Әр тәлімгердің жұмысы мазмұндылығымен, жаңашылдығымен және тәрбиелік мәнімен ерекшеленді.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының аға тәлімгері Динара Әбдрешова иеленді. ІІ орын №3 Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің аға тәлімгері Айнұр Ордалыға бұйырса, ІІІ орынды №2 Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің аға тәлімгері Айзада Осман жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының арнайы ақшалай сыйақыларымен марапатталды. Сонымен қатар, І орын иегері алдағы облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады.