ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Шәкірт жүрегіне жол таба білген, өз ісінің нағыз маманы, білікті педагогтардың бірі – Қоңыратбаева Сағира Қуандыққызы.
Сағира Қоңыратбаева - Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Ол 1984–1986 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде білім алып, еңбек жолын осы салада бастайды. Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 1990–1994 жылдары Шымкент педагогикалық мәдениет институтында оқуын жалғастырды.
Еңбек жолын 1987–1998 жылдары мәдениет саласында бастаған ұстаз, 2010 жылдан бастап №6 жалпы орта білім беретін мектепте музыка пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып келеді. Бүгінде ол осы білім ордасында абыройлы еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Педагогикалық еңбек өтілі – 15 жыл, біліктілік санаты – педагог-зерттеуші.
Сағира Қоңыратбаева әр сабағын ерекше ықыласпен өткізіп, оқушылардың музыкаға деген қызығушылығын арттыруға бар күш-жігерін салады. Ол әр баланың бойындағы ән айту қабілетін, ырғақ сезімін дамытып, музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Әсіресе, ұлттық өнерді дәріптеуге ерекше көңіл бөліп, оқушыларға домбыра тартуды үйретіп келеді.
Ұстаздың бастамасымен мектепте домбырашылар ансамблі құрылып, оқушылар түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп жүр. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде оның шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.
Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық өнер фестивалінде «Жас талап» домбырашылар ансамблі I орынға ие болса (2024 ж.), аудандық «Тәуелсіздік жұлдыздары» өнер байқауында Бас жүлдені жеңіп алды (2026 ж.). Сонымен қатар, облыстық пәндік олимпиадаларда да жүлделі I орындарды иеленіп келеді.
Қоңыратбаева Сағира Қуандыққызы – шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат еткен, өз ісіне адал, шығармашыл ұстаз. Оның еңбегі өскелең ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан зор үлес.