ҰСТАЗДЫҚҚА АДАЛДЫҚ – ӨМІРЛІК МҰРАТ
Баланың білімге деген алғашқы қадамын қалыптастыратын жауапты да қасиетті мамандық - бастауыш сынып мұғалімі. Осы жолда саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан ұстаздардың бірі – КИШКАШОВА Толхын Тілеуқұлқызы.
Толхын Тілеуқұлқызы еңбек жолын 1986 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектебінде тәлімгер болып бастаған. Содан бері мектеп қабырғасы оның екінші үйіне айналды. Сондықтан ол тек білім берумен шектелмей, оқушылардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, тәртіп пен жауапкершілікке баулуға ерекше мән береді.
– Әр баланың білімге құштарлығын оятып, саналы, тәрбиелі тұлға болып қалыптасуына үлес қосу - менің басты парызым. Ата-анам да ұстаз болғандықтан бала кезден адал еңбек пен шәкіртке деген құрметті бойыма сіңірдім. Сол тәрбиені өз шәкірттеріме жеткізуге тырысамын. Бүгінде өзімнің балаларым да менің жолымды қуып, үздік ұстаздар қатарын толықтыруда. Олар да менің ізіммен жүріп, білім мен тәрбие беру өнерін жалғастыруда, - дейді ұлағатты ұстаз.
Әріптестері де Толхын Тілеуқұлқызының кәсіби шеберлігін, шығармашылық ізденісін және еңбекке деген табандылығын жоғары бағалайды. Олар үшін Толхын Тілеуқұлқызы білім мен тәрбиені қатар ұштастырған, шәкірт жүрегіне жол таба білген тәжірибелі ұстаз. Осындай ұстаздар барда білімнің шамшырағы сөнбейтіні анық.
Шу аудандық филиалы