ҰСТАЗ ЖОЛЫ - ҰЛЫ ЖОЛ
Сарсекеева Айтжан Қаппасқызы еңбек жолын 1986 жылы бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастап, 1991 жылдан бері Көктас ауылының №4 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде, 2006 жылдан бастап осы мектепте орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып үздіксіз қызмет атқарып келеді. Ол саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаздардың бірі.
Айтжан Қаппасқызы ұстаздық жолды жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия деп түсінетін жан. Әрбір шәкіртінің бойынан қабілет пен дарынды көре білетін, олардың сенімін оятып, білімге деген құштарлығын арттыра алатын ерекше педагог. Оның сабырлы мінезі, мейірімді жүрегі мен талапшылдығы шәкірттерін биік белестерге жетелеп келеді.
Жылдар бойы тәрбиелеген шәкірттері білім саласында үздіктер қатарынан көрініп, түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жетістікке жетіп, мектеп абыройын асқақтатуда. Бұл ұстаз еңбегінің айқын нәтижесі, маңдай тер мен табанды еңбектің жемісі.
Ол әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар арасында құрметті, шәкірттері үшін екінші анадай қамқор жан. Ұстаздық ұстанымы білімді ғана емес, тәрбиелі, адамгершілігі мол, елін сүйетін азамат тәрбиелеу.
Айтжан Қаппасқызының еңбегі ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес. Осындай ұстаздар барда білімнің шамшырағы сөнбейді, ұрпақтың болашағы жарқын болмақ.
Қарағанды облыстық ұйымы