ЖАС ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Ақтөбеде Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Жастар кеңесінің жоспарына сәйкес және білім бөлімі жанындағы «Жас талап» жастар ұйымының бірлесуімен «Үздік жас ұстаз – 2026» байқауы өткізілді.
Бұл байқаудың негізгі мақсаты – жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін дамыту, олардың өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау, сондай-ақ білім беру жүйесін жаңғыртуға белсенді кәсіби көзқарас қалыптастыру болып табылады. Шара барысында жас мұғалімдердің кәсіби шеберлігін бағалау, педагогикалық тәжірибелерін көрсету және олардың шығармашылық бастамаларын қолдау басты назарға алынды.
Салтанатты ашылуында Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұрат Жамаладин сөз сөйлеп, жас педагогтардың кәсіби дамуына және шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған осындай байқаулардың маңыздылығын атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша №3 Қарауылкелді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ардақ Қалиева жүлделі орынға ие болды. Жеңімпаздарға білім бөлімінің алғыс хаты табысталып, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының шипажайға және тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалары берілді. Сонымен қатар, байқау жеңімпаздары ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Байқау соңында жас ұстаздар шараның жоғары деңгейде өткенін атап, осындай іс-шаралардың тұрақты дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
-
Фотографии
-