ҮЗДІК БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ АНЫҚТАЛДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Т.Рысқұлов аудандық комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» аудандық байқауына 5 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысты. Байқаудың мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын насихаттау арқылы еңбек адамдарының мүддесін қорғау, ұйымның жарғылық міндеттерінің орындалу тиімділігі мен беделін арттыру және кәсіподақ жұмысының озық тәжірибелерін тарату болды.
Қатысушылар байқау шарты бойынша бірінші кезеңде ұйымдастыру комитетіне бастауыш ұйымның тыныс-тіршілігін, табысты жобаларын, жұмыс жүйесін айқындайтын портфолио ұсынды. Осыдан кейін білім сайысында үміткерлер тест сұрақтарына жауап берді. Келесі кезекте байқауға қатысушылар білім ұйымындағы кәсіподақ қызметі туралы үздік бейнероликтерін ұсынды.
Бейнероликтерде кәсіподақ ұйымының қызметі, ондағы еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шартта көзделген нормалардың орындалуы және ақпараттық бағытта жүргізілген жұмыстар қамтылған.
Байқаудың маңызды кезеңі – «Біз кәсіподақ мүшесіміз, себебі...» тақырыбы аясында бастауыш ұйымның портретін әзірлеп, презентациялау болды. Қатысушылар жасанды интеллектің көмегімен бастауыш кәсіподақ ұйымына сипаттама берді, ұйымдағы оң тәжірибелерге, ұйымға мүше болып кіруге ынталандырудағы, әлеуметтік әріптестік байланысты арттырудағы, кәсіподақтың жастар кеңесінің жұмысындағы табысты жобаларын ұсынды.
Байқаудың қорытынды кезеңі – «Құқықтық жағдаят» болды. Бұл бөлімде қатысушылар өз кәсіби қызметін жүзеге асыруға қажетті ҚР заңнамалары мен кәсіподақтың жарғылық/құқықтық құжаттарын меңгеру, сондай-ақ осы тәжірибені ұжымдағы текетірес және дау-дамайлы жағдайларды шешуде пайдалана білуі сараланды.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен І орын М.Әуезов атындағы ресурстық тірек мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымына берілді. ІІ орынды Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы, ал ІІІ орынды Болтай батыр орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мен Ақбұлақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленді. Байқауға қатысушылар Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымының Т.Рысқұлов аудандық комитеті
-
Фотографии
-