БАСТАУЫШ ҰЙЫM ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгін Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалы ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларына арналған «Құжат айналымын жүйелеу – уақыт талабы» тақырыбында семинар өтті.
Маңызды шара Х.Хамраев атындағы орта мектеп базасында ұйымдастырылып, семинар жұмысын аудандық филиал төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков жүргізді.
Семинардың негізгі мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы құжат айналымын жүйелеу, іс жүргізу мәдениетін жетілдіру, құжаттарды рәсімдеудің бірыңғай талаптарын түсіндіру және жұмыс сапасын арттыру.
Іс-шара барысында қатысушыларға іс қағаздарын жүргізудің нормативтік-құқықтық негіздері кеңінен түсіндіріліп, ресми құжаттарды әзірлеу тәртібі, қаулылар мен шешімдерді рәсімдеу, хаттамаларды дұрыс толтыру талаптары жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар кіріс-шығыс құжаттарын тіркеу, сақтау және мұрағатқа өткізу ережелері, құжаттар номенклатурасын қалыптастыру, электронды құжат айналымының заманауи ерекшеліктері туралы толыққанды ақпарат берілді.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде нақты құжат үлгілері көрсетіліп, іс жүргізу барысында жиі кездесетін кемшіліктер мен оларды болдырмау жолдары талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, күнделікті қызметте туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, әдістемелік кеңестер алды.
Жалпы семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Мұндай оқыту шаралары бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіруге, құжат жүргізу сапасын арттыруға және ұйым қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Алдағы уақытта Панфилов аудандық филиалы кәсіподақ белсенділерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар мен тәжірибелік кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Жетісу облысы, Панфилов аудандық кәсіподақ филииалы
-
Фотографии
-