ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – болашаққа бағыт беретін шамшырақ. Әсіресе, дене шынықтыру саласында еңбек етіп, шәкірт бойына тәртіп пен төзімділік дарыту – үлкен жауапкершілік пен шеберлікті талап етеді. Осындай жүрегі кең, ісіне адал жанның бірі – Үміт Жақсылыққызы.
Үміт Жақсылыққызы 1976 жылы 12 қарашада Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Алғашқы білімін Ырғыз орыс орта мектебінде алып, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.
Еңбек жолын 2006 жылы Ырғыз ауданындағы №1 қазақ орта мектебінде бастап, 2013 жылдан бері Хромтау ауданы №3 Хромтау орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Үміт Жақсылыққызы – ұжым арасында сыйлы, сабырлы, кішіпейіл, әріптестеріне тірек, шәкірттеріне үлгі бола білген жан. Оның еңбегі тек мектеп қабырғасымен шектелмей, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде де жоғары бағаланып келеді.
Ол – облыстық және республикалық деңгейдегі Президенттік көпсайыс, мұғалімдер спартакиадасы, бес асық чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. Республикалық «Қазақстан кубогінде» үздік ойыншы атанып, 2025 жылы Түркияның Анкара қаласында өткен халықаралық турнирде І орынды иеленді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік спортшысы» номинациясына, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік мұғалімі» номинациясына ие болды. Сонымен қатар, көптеген облыстық және республикалық Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Асық спорты бойынша жаттықтырушы әрі төреші аттестациясынан өтіп, бес асық спортын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Алтын сақа» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл – жай ғана марапаттар тізімі емес. Бұл – табандылық пен тынымсыз еңбектің, спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі. Үміт Жақсылыққызы – өз ісінің нағыз шебері, ел болашағын тәрбиелеп жүрген абзал ұстаз.
-
Фотографии
-